Павлодардан Астанаға жарысқа келе жатқан балалар жол апатына ұшырады. Көлікте 14-16 жас аралығындағы 16 бала болған. Ауыр соққыдан жаттықтырушы көз жұмды. Тағы екі бала жарақат алған.
Оқиға «Астана-Ерейментау-Шідерті» жолында болды. «Мерседес» маркалы шағын автобустың жүргізушісі жолда келе жатып жүк көлігін басып озғысы келгенде рөлге ие бола алмай , аударылған.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Алмагүл Тұрсымбаева, Облыстық Полиция департаментінің аға инспекторы:
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзінің тәрбиеленушілерін жарысқа жіберген жеке спорт мектебінің басшылары полиция қызметкерлерін хабардар етпеді. Осыған байланысты патрульдік нарядтармен сүйемелдеу жүргізілмеді. Бұл факті бойынша тексеру жүргізілуде.
Иә осы жол апатынан соң Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілген 4 балаға дәрігерлер медициналық көмек көрсеткен. Ем қабылдаған соң, ата -анасының қолхатымен үшеуі үйіне жіберілді.
Ауруханада қазір 13 жастағы бала дәрігерлердің жіті бақылауында. Жан сақтау бөлімшесінде жатқан жасөспірімді санавиациямен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Нұржан Ысқақов, Облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері:
Бір бала 2012 жылғы реанимация бөлімішесінде ем алып жатыр, бас сүйек-ми зақымы диагнозымен. Қазіргі таңда ол баланың жағдайы ауыр, бір қалыпты. Қалған үш бала хирургия бөлімшесінде көмек алып, ата-ана өтініші бойынша олар қазір үйіне жіберілді. Қалған балаларға медициналық көмек қажет емес.